Астанада «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысу шарттары түсіндірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын хабарланғандай, 13-25 қазан аралығында «Қолжетімді баспана - 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ тұрғын үй» бағыты бойынша құжаттар қабылданады.

Құжаттарды қабылдау қалай жүргізілетіні, бұл бағыт бойынша азаматтардың қай санаты қатысатыны туралы Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов айтып берді, деп хабарлады http://astana.gov.kz .

«Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ға «Шығыс» тұрғын үй кешенінде салынатын 678 пәтердің тізімі жіберілді. Қатысушыларды іріктеу кезек бойынша жүргізіледі, яғни, жергілікті атқарушы органда коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұрған азаматтар құжаттарын тапсыра алады. Атап айтқанда, әлеуметтік осал топтар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым қызметкерлері. Тұрғын үй сатып алу бағдарламасына ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, жалғыз баспанасы апатты болып танылғандар қатыспайды», - деді ол.

Руслан Ахметовтың айтуынша, пәтерлерді үлестіру екі бағыт бойынша жүргізіледі.

1. Сатып алу құқығымен жалға алу (169 пәтер). Баспана 15 жыл мерзімге жалға беріледі. Одан әрі сатып алған кезде ай сайын төленген жалға алу ақысы пәтердің жалпы сомасынан шегеріледі. Бағдарлама шартына сәйкес, азаматтар алдымен өздерінің төлеу қабілеттілігін тексеруі қажет. Осы мақсатта «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ сайтында арнайы калькулятор жасалды, оның көмегімен баспананың ай сайынғы жалға алу ақысының төлей алатын ең көп мөлшерін анықтай алады.

2. Тікелей сату (509 пәтер). Тұрғын үйдің 1 шаршы м құны - 180 мың теңгені құрайды.

«Құжаттар «Жастар» сарайында (Республика даңғылы, 34) қабылданады. Қатысушыларды іріктеу барысында құжаттардың қай кезде тапсырылғаны ескерілмейді. Бірінші күні ме, әлде соңғы күні ме, бәрібір. Пәтерлерді үлестіру бірінші кезекте, Астананың коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алуға мұқтаж азаматтардың тізіміне есепке алынған күнге байланысты жүргізіледі. Мысалы, кезекте 2008 жылдан бері тұрса, ол 2012 жылы кезекке қойылған адамнан ерте баспаналы болады», - деді Руслан Ахметов.

«Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ тұрғын үй» бағыты бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылар жыл соңына дейін қоныс тойын тойлайды деп күтілуде.