Астанада көмір төңірегінде дүрбелең туындамай ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордаға жеткізілген көмірдің сату нүктелеріндегі бағасы қанша. Бұл сауалға бүгін Астана қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Байсадықов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылы көмір бағасы өзгере қойған жоқ. Оған Астана қалалық әкімдігінің көмір сатушылармен жасасқан меморандумы өз септігін тигізді және барлық баға бекітілген. Мәселен, Шұбаркөлдің бір тоннасы 13 500-14 500, Майкүбі 12 500  мың, Қаражыра 14 000, Богатырь 9500 теңгеден сатылуда», - деді ол.

Оның айтуынша, мұндай баға қаладағы 12 көмір сататын орында белгіленген.  Мұнан бөлек, 7 жекеменшік көмір сататын жерден де қатты отынды дәл осындай бағаға сатып алуға болады. Жалпы, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан 2 қазанға дейін елордаға 291 650 тонна немесе 4197 вагон көмір жеткізілген. Тек 1 маусымнан бастап осы уақытқа жеткізілген көмір көлемі 117 мың тоннадан асып жығылады. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көп.

«Сондықтан көмір төңірегінде дүрбелең жоқ деуге болады. Жалпы Астана әкімдігі көмір төңірегінде дүрбелең орын алмау үшін жаз айларынан бастап үгіт жұмыстарын жүргізді. Біз азаматтарға қатты отынды жаз айларынан бастап сатып алуды өтіндік. Оған жеткілікті көлемде көмір де әкелдік. Қазіргі уақытта айта қоярлықтай дүрбелең болмағанымен көмір сататын жерлерде кезектің бар екендігі рас. Бірақ, ол жылдам жылжып жатыр», - деді Б.Байсадықов.

Сонымен қатар Бағдат Байсадықов елордада 20 тәулікке жетін отын қорының бар екендігін айтқан болатын.

Ал Астана қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы Мақсат Ысмағұлов көмір алыпсатарларымен күрес жүргізіліп  жатқанын атап өтті.