Астанада коньки спортынан ел чемпионы анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада коньки спортынан өткен Қазақстан чемпионатында Екатерина Айдова жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әйелдер арасында Екатерина Айдова ел біріншілігінде қарсылас шақ келтірмеді. Ол спринттен тыс басқа да қашықтықтарда топ жарды.

Әйелдер арасындағы көпсайыста екінші орынды Татьяна Сокирко иеленсе, үздік үштікті Валерия Чадова қорытындылады.

Ерлер арасындағы спринт пен классикалық көпсайыста Иван Аржаников үздік атанды.

Күміс жүлде Дмитрий Морозовқа бұйырса, қола жүлдені Демьян Гаврилов қанағат тұтты.

Айта кетейік, бұл үш спортшымыз Дмитрий Бабенконың қол астында Минскіде өткен студенттер арасындағы әлем чемпионатында бақ сынаған болатын.