Астанада конькиден әлем кубогының кезеңі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2-4 желтоқсан аралығында Астанадағы «Алау» мұз сарайында конькимен жүгіруден әлем кубогының үшінші кезеңі өтеді, деп жазады «Хабар 24».

28 елдің ең таңдаулы конькишілері қатысатын халықаралық жарысқа Қазақстан құрамасы да дайындықты бастады. Нагано олимпиадасының қола жүлдегері Людмила Прокашевадан тәлім алатын ұлттық құрама спортшылары «Алау» мұз сарайында оқу-жаттығуларын пысықтауда.

Биылғы маусым Қазақстандық конькишілер үшін табысты басталды. Қытайдың Харбин қаласындағы әлем кубогының екінші кезеңінде Роман Креч 500 метрлікте топ жарып, жалпы есепте екінші орынға көтерілді.

Кеңесші-жаттықтырушы Вадим Саютиннің айтуынша, Креч бұл жолы да медальдан үмітті спортшының бірі.

«Негізгі үмітті Роман Кречке артамыз. Айдова да жарақатынан айығып, бабына ене бастады. Ол жарыс сайын өз нәтижесін жоғарылатып, мықтылар тобында сайысқа түсуге мүмкіндік алды. Ал, Денис Кузин әлі бабына енген жоқ. Алыс қашықтыққа жүгіретін Дмитрий Бабенко өткен әлем кубогы кезеңінде сегізінші орын алды. Масс-стартта Бабенконың жолына көз тігеміз. Медальдан үміт бар», - дейді ҚР құрамасының жаттықтырушысы Вадим Саютин.