Астанада қонақ үйден құндыз тон ұрлаған адам ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер қонақүйден құндыз тон ұрлаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Департаменттен хабарланғандай, ер адам киім ілетін бөлмеде болып, қонақүйде өтіп жатқан спорттық би чемпионатына қатысушылар мен келушілердің құндыз тоны мен ұялы телефонын жымқырған.

Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері күдіктіні Павлодар қаласында ұстады. Ол 36 жастағы, бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған қала тұрғыны болып шықты. Ұсталған күдікті уақытша оқшаулағышқа қамалды. Жымқырылған тон алынып, иесіне қайтарылды», - деп хабарланады департаменттің баспасөз қызметінен.

Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабымен (ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ұсталған адамның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.