Астанада қонақүй құрылысы үшін 26 жер учаскесі мәжбүрлеп алынады

АСТАНА. KAZINFORM – Астана әкімдігі қонақүй құрылысына байланысты жер учаскелерін мемлекеттік қажеттілік үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулы қабылдады.

Фото: АШМ

Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 3 тамыздан 2027 жылғы 3 тамызға дейін Астана қаласының Есіл ауданындағы Д. Қонаев пен Сарайшық көшелерінің арасында орналасқан, жалпы аумағы 7,6618 гектарды құрайтын 26 жер учаскесі мемлекеттік қажеттілік үшін, оның ішінде сатып алу жолымен мәжбүрлеп иеліктен шығарылады.

Қаулыда жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар алдағы мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарламаны алған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде Астана қаласының әкімдігіне тиісті өтініш беру арқылы келісу рәсімдерін бастауға құқылы екені жазылған.

Бұдан бөлек, елорда әкімдігі мемлекеттік қажеттілік үшін 10 жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы тағы бір қаулы қабылдады.

Атап айтқанда, Заречный тұрғын алабындағы Үшқопыр мен Қаратөбе көшелерінің қиылысы маңында орналасқан, жалпы аумағы 2,3 гектардан асатын жер учаскелері сатып алынбақ. Бұл аумақта мектеп құрылысына қажетті инженерлік іздестіру және жобалау жұмыстары жүргізіледі.

Айта кетейік, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Астана қонақүйлерінде 67,9 мың шетелдік турист орналасты. Қалада 6 бес жұлдызды қонақүй бар.