Астанада кондитерлер фестивалі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 4 шілдеде қала күні қарсаңында дәстүрлі мереке - Астана қаласы кондитерлерінің фестивалі өтеді. Кондитерлік өнім шығаратын 20-дан астам кәсіпорындар қала тұрғындары мен қонақтарына тәтті үлестірмекке Конгресс-холға жиналады.

Бұл туралы Астана қаласының 16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабы хабарлады.

Фестиваль елордада кондитерлік өнер дәрежесін арттыруға, кәсіби шеберлікті дәріптеу мақсатында өткізіліп келеді. Аталмыш шара аспаз шеберлерге өздерінің тәтті туындылары мен таңдаулы тағамдарын кең ауқымда таныстыруға және тәттіқұмар жандарға дәмді мерекені бастан өткеруге таптырмас мүмкіндік болмақ.

Фестиваль қатысушылары Астана тұрғындары мен қонақтарына «Астана - сүйікті қалам!» атты ең басты аталымда сан түрлі торттар ұсынады.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, фестиваль қоғамдық тамақтану саласында мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға сеп болмақ. Шара аясында көрме-жәрмеңке өткізіліп, дайындалған тағамдардан дәм үлестіріледі.