Астанада кондитерлер фестивалі өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Астана күніне орай кондитерлер фестивалі өтіп, 15-тен астам кәсіпорын мерекелік торттар, фирмалық бәліштер мен басқа да кондитерлік өнімдерін ұсынды. Фестиваль қонақтары тәтті-дәмділерден тегін дәм татты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтында

Барлық қонақтар үшін мерекелік концерттік бағдарлама мен балалар үшін конкурстар мен викториналар өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты - кондитерлік шеберлікті насихаттау, елордалық аспаздардың шеберлік деңгейін арттыру. Бұдан бөлек, шара кондитерлердің өз туындыларын көрсетудің керемет мүмкіндігі болып табылады.

«Астанада Конгрес-холлда өтіп жатқан осындай керемет фестивальға бірінші рет қатысып отырмыз. Бізге ұнады, бақ сынасқымыз келетін бәсекелестеріміз көп. Мұнда өз өнімдерімізді ұсындық, атап айтқанда бәліштер мен круассандар. ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Қазақстан эакспозициясы формасында торт пісірдік», - деді «Искаков» ЖК директоры Евгений Нигманов.

Оның айтуынша, круассан дайындау кезінде компания заманауи технологияларды қолданады, нәтижесінде диеталық өнім алынады, әрі сақталу мерзімі де ұзарады екен.