Астанада көне түркіге ортақ мұра «Мәңгі Тас» көшірмесі орнатылды (ФОТО)

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайында «Мәңгi Тастың» ғылыми көшiрмесiн орнатылды.

Биіктігі 2 метрден асатын «Шивээт улаан» ғұрыптық кешеніндегі ру-тайпалардың таңбасы қашалған таңбатастың дәлме-дәл ғылыми көшірмесін көшіріп, орнатуға Түркі академиясы халықаралық ұйымы мұрындық болған. Ескерткiштiң ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ТүрiкПА-ға мүше мемлекеттер Парламенттерінің төрағалары мен өкiлдерi және қоғам қайраткерлерi қатысты.

Айта кетерлігі, ежелгі Өтүкен алқабында орналасқан «Шивээт улаан» ғұрыптық кешені көптеген этносаяси одақтарды бір шаңырақтың астына біріктірген Еуразиялық түркі империясы қағанының құрметіне VI-VII ғасырларда орнатылған. Моңғол тілінде географиялық орналасу ерекшелігіне сай (селеулі қызыл төбе» деп аталып кеткен кешеннің шығыс кіре берісінде көне түркілердің іргелі ру-тайпаларының таңбалары қашалған ұстынтас пен оның төртбұрыш тұғыры қойылған. Таңбатас көкшіл түсті жанартау жынысты тұнбатастан жасалған. Оның тегістелген бет жағында 60-қа жуық әр түрлі таңба бәдізделген. Олардың ішінде қырғыз, ұйғыр, қарлұқ, қыпшақ, хазар, авшар сынды ірі ру-тайпалардың таңбалары бейнеленген. Алайда, кейбір таңбалары көмескіленіп өшкен және белгісіз болып кеткен тұстары да бар.

Тоқтала кететін жайт, күні бүгінге дейн «Мәңгі Тастағы» таңбалар жайлы арнайы ғылыми зерттеулер жарияланбаған. Соған орай, Түркі академиясы ағымдағы жылдың қыркүйек айында Моңғолияға ғылыми сапары нәтижесінде көне түркі тайпалар мен ірлестіктердің тамғасы бәдізделген ұстын тастың эстампажын әкелген болатын. Осы эстампаж қысқа уақыт аралығында қалпына келтіріліп, «Мәңгі Тастың» ғылыми көшірмесі дайындалды. Түркі академиясының ғалымдары бүгінгі күні «Мәңгі Тастағы» таңбаларды зерттеп, қай тайпаларға тиесілі екенін анықтауға кіріскен.

Жалпы, деректер бойынша «Мәңгі Тас» өз дәуіріндегі түркі тайпаларын және оған қоныстас жұрттарды бір шаңырақтың астына біріктіріп, ірі этносаяси одақ құрған Шығыс Түрік қағанатының негізін салушы Елтеріс Құтлық қағанның құрметіне 693 жылы қойылған. Көкшіл түсті жанартау жынысты тұнбатастан жасалған ескерткіштің биіктігі - 2,24 метр, ені - 0,82 м, қалыңдығы - 0,24 метр. Кешеннің шығыс бөлігінде, ортасында төртбұрыш тесігі бар тастұғырдың үстіне орнластырылған. Тегіс бетінде 60-қа жуық тайпаның және тайпалық одақтардың таңбалары қашалған.

Ескерткiштiң ашылуында профессор, белгiлi түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбеков тастың орнатылуының түбi бiр түркi әлемi үшiн маңыздылығын атап өттi.