Астанада конкур бойынша Еуразиялық лига аясындағы әлем кубогының кезеңі өтеді

Фото: Фото: ҚР ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM - 30 мамыр мен 1 маусым аралығында Астанадағы «Арғымақ» атты ат спорттық сауықтыру кешенінде ат спорты бойынша халықаралық жарыстар өтеді.

Федерацияның баспасөз қызметі мәліметінше, Қазақстан астанасы конкур бойынша Еуразиялық лиганың әлем кубогы кезеңін және атпен мәнерлеп жүру бойынша халықаралық турнирді қабылдайды.

Ат спортының халықаралық федерациясы (FEI) аясында өтетін бұл жарыстарға жақын және алыс шет елдердің ұлттық құрамалары қатысады.

Астанада шамамен 60 спортшы өнер көрсетеді деп жоспарланып отыр. Олар үш күн бойы конкур және түрлі деңгейдегі атпен мәнерлеп жүру сайыстарында өз шеберліктерін көрсетеді.

Әлем кубогының кезеңін Астанада өткізу отандық спортшыларға халықаралық аренада өздерін танытуға мүмкіндік береді. Мұндай деңгейдегі жарыстар қазақстандық атлеттердің шеберлігін шыңдап, халықаралық турнирлерге іріктеу жолдамаларына таласуға жағдай жасайды.

Айта кетейік, астаналық спортшылар конкурдан халықаралық жарыста 33 медаль жеңіп алды.