Астанада Конституция күніне орай дәстүрлі тамыз оқулары өтуде

АСТАНА. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 14 жыл толуына орай «Конституциялық құндылықтар мен оларды Қазақстанның заңнамалары мен құқық қолдану тәжірибесінде жүзеге асыру жолдары» атты тақырыпта дәстүрлі VII тамыз оқулары өтуде,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шара Конституциялық кеңес пен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокуратура, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Астанадағы өкілдігі және Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы тарапынан ұйымдастырылуда. Осыған орай жиынға мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, шетелдік дипломатиялық өкілдіктері мен үкіметтік емес және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ заңгер ғалымдар қатысуда.

 Жиын барысында олар Конституция талаптарын жүзеге асырумен оның заңнамалар мен құқық қорғау тәжірибесінде көрініс табу мәселелері бойынша өзара пікір алмасуда. Онда Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов, Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров пен Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков, Бас прокурор Қайрат Мәми баяндамалар жасап, Ата заңымыздың құндылықтары жөнінде және оның бүгінгі кескін-келбетіне қатысты  пікірлерін білдірді. Жиын барысында айтылған ұсыныс, пікірлер негізінде арнайы кітапша шығарылады деп күтілуде.