Астанада Конституция күніне орай жастар акциясы өтті

АСТАНА. 30 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан жастары конгресінің ұйымдастыруымен Конституция күніне орай «Бізбен бірге қадам жаса!» атты патриоттық жастар акциясы өтті.

Шара аясында елорда көшелерімен 30-дан астам автокөліктерден және 50 шақты мотоциклдерден жасақталған шеру жүріп өтті. Шеру барысында жастар Қазақстанның Туын қолдарына ұстап, отансүйгіштік ұрандарды айтты.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, шараның мақсаты - өскелең ұрпақ алдында Конституциямызға деген құрмет сезімін арттыру, туған елдің, туған жердің Ата Заңын сыйлау - ел азаматтарының борышы екенін ұғындыруға бағытталған.

Шеру соңында оған қатысушылар «Мега Астана» ОСО алдында жиналып, жаппай суретке түсу шарасын өткізді.