Астанада көп балалы аналарға «Алтын» және «Күміс» алқаларды тапсыру салтанаты өтті

СТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Р.Райымбек атындағы №50 орта мектепте көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарын тапсыру рәсімі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бүгін «Алтын» және «Күміс» алқаларды елорданың Алматы ауданында тұратын барлығы 144 ана алды. Бұған дейін құрметті медальдарды аталмыш ауданның 148 азаматшасы таққан болатын.

«Алтын» алқамен марапатталғандардың алдын бастап отырған 84 жастағы Бикен Өмірзақова 8 бала тәрбиелеп, өсіргенін айтады. Ауылдың құрметті еңбеккері атанған ақжаулықты анамыз бүгінде 22 немере 6 шөбере сүйіп отыр.

Ал «Алтын» алқаның ең жас иегері 45 жастағы Құралай Мұхамеджанова 7 баланың анасы. Осыдан үш жыл бұрын Астанаға көшіп келген отбасындағы үйдің үлкені небәрі 26-да. «Көпбалалы аналарға көрсетіп отырған қамқорлығы үшін Елбасына шексіз алғысымды білдіремін. Тәуелсіз Қазақстанның аспаны ашық болып, ынтымақ-бірлік болса, елдің демографиялық жағдайы да арта түсетініне сенімін мол», - дейді ол.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасына орай 2010 жылдан бастап «Алтын алқа» наградасы - 7 баланы, ал «Күміс алқа» 6 баланы тәрбиелеген аналарға берілетін болып ұйғарылды. 1999 жылғы сәуірдің 5-індегі «ҚР-дағы мемлекеттік арнайы жәрдемақы туралы» ҚР Заңына сәйкес, жәрдемақылар «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдарымен марапатталған, не болмаса бұған дейін «Батыр-ана» және 1-ші, 2-ші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға беріледі.

Осындай наградаларға лайықты аналарға ай сайын төленетін жәрдемақының мөлшері - 8 мың 478 теңгені (6 айлық-есептік көрсеткіш) құрайды.

2010 жылғы наурыздың 1-іне дейін Астана қаласының Зейнетақыларды төлеу мемлекеттік орталығына көп балалы аналар ретінде барлығы 1258 әйел тіркелді.