Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Гимнастика федерациясының президенті Үміт Шаяхметова мәлім етті.
Турнирге деке және топтық жаттығуларда шығатын спортшылар қатысады. Атап айтқанда, Азия құрлығындағы 13 елден 150-ге тарта қатысушы келді.
«Қазақстанға келген спортшылардың өнеріне Корея, Сингапур, Қырғызстан, Малайзия, Жапония, Үндістан мамандары төрелік етеді, Жалпы Азия чемпионатында медальдардың 24 жиынтығы сарапқа салынады»,-деді Ү. Шаяхметова.
Қазақстанның гимнастика федерациясы 1992 жылдан бері жұмыс істеуде. Халықаралық гимнастика федерациясының және Азия гимнастикалық одағының мүшесі. Федерацияның құрамына Қазақстанның 13 аймағынан спорттық гимнастика, көркем гимнастика, спорттық акробатика, акробаттық жолақта және батутта секіруден аккредиттелген 16 аймақтық спорттық федерация кіріп отыр. Гимнастика федерациясы 10 мыңнан астам спортшыға жетекшілік етеді.