Астанада көрнекті ақын Кәкімбек Салықовпен қоштасу рәсімі өтеді

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - Күні кеше қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Қ. Сәтбаев қорының президенті, Қазақстан Республикасы «Экология» академиясының академигі Кәкімбек Салықов өмірден озды. Ақынмен қоштасу рәсімі бүгін Астана қаласы әкімдігінің Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өтеді, деп хабарлайды елорданың ресми сайты.

Кәкімбек Салықов елімізде, Мәскеуде және Өзбекстанның Қарақалпақ облысында жоғары мемлекеттік қызметтер атқарған. Ол тек дарынды ақын ғана емес, шебер аудармашы да. Кеңес жазушылары Маяковский, Пушкин, Лермонтов өлеңдерін алғаш қазақ тіліне аударған. Бүгінде артында мол рухани мұра, ән арқауына айналған өлеңдер мен 45 поэтикалық жинақ қалды. Оның еңбегі жоғары мемлекеттік наградалармен, Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Парасат» және Халықтар Достығы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.