Астанада көші-қон схемасын ұйымдастырып, 900 млн теңге пайда тапқан алаяқ сотталды

АСТАНА. KAZINFORM – Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты виза мен миграциялық қызмет көрсету сылтауымен азаматтарды алдаған әйелге үкім шығарды.

Фото: montsame

Сот мәліметінше, айыпталушы 124 эпизод бойынша аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деп танылған.

– Тергеу барысында С. есімді әйелдің өзіне және анасының атына тіркелген «А.» және «П.» ЖШС-лері арқылы заңгерлік қызмет көрсететіндей көрініс беріп, ұзақ мерзімді визалар мен миграциялық қызметтер рәсімдеуге көмектесемін деген жалған ақпарат таратқаны анықталды. Ол АҚШ, Ұлыбритания және Шенген аймағы елдеріне виза, сондай-ақ ықтиярхат пен азаматтық рәсімдеуге уәде берген, – делінген сот хабарламасында.

Зардап шеккендерге келтірілген жалпы шығын көлемі 896 008 755 теңгені құраған.

Прокурор айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша бас бостандығынан айыруды және туризм мен миграция саласында кәсіпкерлікпен айналысуға бес жылға тыйым салуды сұраған.

Айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған. Қорғаушы тарап ең төменгі жаза тағайындауды сұрады.

Сот оның кінәсі жәбірленушілердің айғақтарымен, ақша аударымдары туралы түбіртектермен, заңгерлік қызмет көрсету және қарыз шарттарымен, кассалық ордерлермен, қолхаттармен және мессенджерлердегі хат алмасулармен дәлелденгенін мәлімдеді.

– Қылмыстық кодекстің аталған бабы бойынша үш еседен бес есеге дейін айыппұл немесе мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – деп атап өтті соттан.

Жеңілдететін мән-жайларды және ауырлататын жағдайлардың жоқтығын ескерген сот әйелді орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар оған бес жыл бойы туризм және миграция саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда жалған коттеджді жалға беріп келген алаяқ сотталғаны хабарланған болатын.