Астанада көше суретшісі Бэнксиге арналған мультимедиялық көрме ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Lumiere Hall мультимедиялық музейінде әйгілі британдық көше суретшісі Бэнкси шығармашылығына арналған көрме ашылды. Көрмеде суретшінің түпнұсқа туындылары, сирек жәдігерлері және арнайы әзірленген мультимедиялық көрсетілім ұсынылды.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба Бэнксидің шығармашылық әлемін жаңа форматта таныстыруды көздейді. Келушілер көрме барысында суретшінің ең танымал туындыларымен танысып қана қоймай, оның шығармашылық атмосферасын да сезіне алады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Lumiere Hall» мультимедиялық музейінің құрылтайшысы Полина Егарминнің айтуынша, музей 10 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір оның Будапешт пен Амстердамда филиалдары бар. Алматыда үш жыл жұмыс істеген жоба биыл Астанада ашылған.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Мұндай форматтағы музей үшін төбесі биік, кең ғимарат қажет болды. Сондықтан ұзақ уақыт бойы лайықты орын іздедік. Ақыры қала орталығынан қолайлы орын тауып, 1 қаңтарда ашылдық. Осы уақыт ішінде Ван Гог көрмесін өткіздік. Төрт айдың ішінде музейге 30 мың адам келді, — деді ол.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның айтуынша, музейдің ресми ашылуын ұйымдастырушылар Бэнкси көрмесімен тұспа-тұс өткізуді жөн санаған.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Біз Бэнксидің түпнұсқа жұмыстарын алып келдік. Биыл оның шынайы тұлғасы анықталды деген ақпарат тарады. Алайда суретшінің өкілдері бұл мәліметті ресми түрде растаған жоқ, — деді Полина Егармин.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Көрме аясында келушілер суретшінің ең танымал граффити туындыларын мультимедиялық көрсетілім арқылы тамашалай алады. Сонымен қатар Лондон, Бристоль және Нью-Йорк көшелерінің атмосферасын сезініп, Бэнксидің ең танымал жобаларының бірі — Dismaland кеңістігімен танысуға мүмкіндік бар.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Көрмеде граффити салынған жол белгілері, банкноттар мен плакаттар секілді түпнұсқа жәдігерлер де қойылған.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Көрмеде ұсынылған екі жол белгісі коллекциядағы ең сирек әрі құнды жәдігерлердің қатарына жатады. Сонымен қатар мұнда Бэнксидің «Dismaland»жобасында қолданылған банкноттары мен кино плакаттары да қойылған. Көрмеге келген әр адам суретшінің шығармашылығына өз бағасын бере алады. Оны бүлдіруші деп қабылдай ма, әлде заманауи өнердегі ең ықпалды суретшілердің бірі ретінде көре ме — бұл әркімнің өз таңдауы, — деді Полина Егармин.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның айтуынша, Бэнксидің шығармаларында соғыс, саясат, тұтынушылық мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы жиі көрініс табады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Мәселен, көрмедегі ерекше жәдігерлердің бірі — ханшайым Диананың бейнесі салынған жалған фунт купюралары. Бэнкси 2004 жылы Диананың суреті бейнеленген ақшаларды шығарып, халық арасына таратқан.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Кейбір адамдар бұл ақшамен төлем жасап үлгерген. Кейін суретшіні жалған ақша жасады деп айыптады. Оның әлі күнге дейін жасырын жүруінің бір себебі де осы, — деді Полина Егармин.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Сондай-ақ көрмеде суретшінің соғысқа қарсы тақырыптағы жұмыстары да қойылған. Солардың бірінде әскери қызметкерлердің жүзіне күлкі белгісі бейнеленген.

— Осы арқылы Бэнкси әскери формадағы адамдардың да қарапайым адам екенін көрсеткісі келген, — деді ол.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Полина Егарминнің айтуынша, музейдің басты мақсаты — жастардың өнерге қызығушылығын арттыру.

— Қазір жастарды дәстүрлі музейлерге тарту оңай емес. Сондықтан біз мультимедиялық тәсіл арқылы олардың өнерге қызығушылығын оятқымыз келеді. Егер көрмеден кейін адамдар дәстүрлі музейлерге барып, түпнұсқа туындыларды көргісі келсе, бұл — біз үшін үлкен нәтиже, — деді ол.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның айтуынша, алдағы уақытта музейде Фрида Кало, Айвазовский, Рерих және Марк Шагалға арналған көрмелер ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін елордада Қазақстан халқының мәдениетіне арналған көрме ұйымдастырылғанын жазғанбыз.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform