Астанада көшені қардан тазартуға 1400-ден астам техника жұмылдырылды
Елордада коммуналдық қызмет мамандары тәулік бойы көшелерді толассыз жауған қардан тазарту жұмыстарымен айналысып жатыр, деп хабарлайды Kazinform елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Түнгі уақытта магистральдық көшелерде сыпыру-жинау техникаларымен қар қүреліп жатыр.
Жолдар, жаяу жүргіншілер жүретін жерлер мен басқа да қоғамдық орындар, жерүсті өткелдері мен тротуарлар, велосипедке арналған жолдар мен қоғамдық көлік аялдамалары қардан тазартылып жатыр.
Биылғы қыс маусымы басталғалы Астанадан 920 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Түнгі уақытта 1400-ден астам арнайы техника мен 260-тан астам жұмысшы көшелерді қардан тазартумен айналысып жатыр. Синоптиктердің болжамынша, 3 қаңтарда елордада ауыспалы бұлт шығады, жауын-шашын жаумайды. Түнде және таңертең тұман түседі.
Шығыстан 3-8 м/с жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде -20-22°С, күндіз -13-15°С болады. Аудандық әкімдіктерде қар күреу жұмыстарының барысын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
«Жүргізушілерді жылдамдықты шектен асырмай, көліктер арасында ара қашықтық сақтауға және шұғыл маневр жасамауға шақырамыз», - делінген хабарламада.