Фестивальді ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл келушілер назарына жаңа инсталляциялар және ең бастысы - музей ұсынылмақ.
«Биылғы фестивальдің ерекшелігі - бес киіз үйден жасалған көшпелілер музейі. Тағы да бір айта кетерлік жайт, түрлі инсталляциялар орнатылады: түркі халқының басын қосатын балбалдар, көшпенділердің тұрғынжайлары, атрибуттар. Көбі көшпенділер қалай тұрған деп сұрайды. Үйлері қандай болған, киімі. Осының барлығы фестивальде көрсетілген», - дейді «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалінің екінші режиссері Арайлым Қалдыбаева.
Сонымен қатар, музейде көшпелі қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің артефактілері, ескерткіштері қойылған. Дәстүрлі тұрғынжай интерьері жасалып, ұлттық костюмнің түр-түрі, әшекейлер, тұрмыстық заттар, қару-жарақтар ұсынылады. Еліміздің мұражайларының қорларынан жиналған экспонаттар келушілерді Орталық Азиядағы көшпелілер өркениетінің әлемімен таныстырады.
«Мұнда жыл сайын келіп тұрамыз, Қазақ хандығы заманындағы батырлардың рөлдерін сомдаймыз. Мысалы, мен ата-бабаларымыз киген киімге ұқсайтын батырдың костюмін киіп тұрмын. Оның салмағы 27 кг», - дейді Алматы қ. «Арлан» театрының актері Алмас Калиуллин.
Көшпелілер өркениетінің орталығы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығына қарсы алаңда орналасқан және 6 шілдеге дейін ашық болады. Шара барысында келушілер назарына дәстүрлі музыка концерті мен ақындар айтысы, «Ат жалында» атты спорттық шоу, «Алтын сақа» жарысы, «Фольклордағы өмір» этношоуы, көшпенділер циркі ұсынылады, сондай-ақ, керуен сарай мен халықтық қолданбалы өнер жәрмеңкесін, музыкалық аспаптар көрмесін және т.б. аралауға болады.
Фото: Виктор Федюнин
© 2016 МИА «Казинформ»