Астанада көшпенділер шаһары бой көтерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қала күні мерекесіне орай «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы аумағында этномәдени кешен пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астананың медиа-орталығына сілтеме жасап.

Бұқаралық шаралардың режиссері Гүлжан Әбдібаеваның айтуынша, этнокешен ЭКСПО көрмесі аяқталғанша, яғни 10 қыркүйекке дейін жұмыс істейді.

«Бұл жерде қала тұрғындары мен қонақтары еліміздің бай тарихымен және ерекшеліктерімен таныса алады», - дейді Г. Әбдібаева.

Қалашықта көшпенділердің мәдениеті мен тұрмысына, салт-дәстүріне арналған дүниелер бар. Кешеннің ішінде қолөнершілер жәрмеңкесі, қазақтың киіз үйі, шатырлар мен ұлттық асхана мейрамханасы бар.

«Сарыарқа» ауданының әжейлерінен құралған «Шаңырақ» ансамблі қазақ халқының «Тұсау кесу», «Қыз ұзату» сынды салт-дәстүрлерін көрсетті.

«Біз көшпенділердің бай тарихын көрсеткіміз келді. Көшпенділердің тарихынан сыр шертетін байырғы жоралғылар мен өлеңдер, қызықты дәстүрлер біздің кезімізге дейін сақталған», - деді Г. Әбдібаева.