Қостанай облысының ауыл шаруашылығыөнімдерін өндірушілерінің жәрмеңкесі Тың игерудің 60 жылдығана арналды. Облыс атынан жәрмеңкеге өңірдің 20 ауданы мен қалаларынан 60-тан астам ауыл шаруашылық кәсіпорындары қатысуда. Соның ішінде Қазақстанда белгілі «ДЕП», «Жаңа күн», «Особа», «Корона», «Тэрра» және т.б. фирмалар да бар. Жалпы, аталған өңірден 550 тоннаны құрайтын 60 шақты өнім түрі сатылымға шығарылды. Сонымен қатар, Астана тұрғындары мен қонақтары үшін бауырсақ фестивалі өткізіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Ал Шығыс Қазақстан облысынан 450 тоннадан астам ауыл шаруашылық өнімі әкелінген. Жәрмеңкеге келушілер бал және омарташылық өнімдеріне үлкен қызығушылық танытып отыр.
«Қыркүйек айының соңынан қараша айының басына дейін ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін өткізу игі дәстүрге айналды. Бүгін еліміздің екі ірі өңірі - Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары келіп отыр. Жәрмеңкеге 100-ге жуық ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілері қатысуда. Олар мың тоннадан астам өнімді Астана базарларына қарағанда 15-20% арзан бағамен ұсынуда. Бұған дейін бірнеше жәрмеңке өткізілді, оған 100 мыңға жуық адам келген», - деді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.
Оның айтуынша, жәрмеңке өңірлердің қарқынды дамуының белгісі ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер үшін басқа өңірдің кәсіпкерлерімен келісімдерге отырып, жаңа өткізу нарығын игеру мүмкіндігін ашады. Жәрмеңке барысында Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарламаларын ұсынды.