Астанада қоймадағы ірі өрт сөндірілді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада резина-техникалық, қағаз және май өнімдері қоймасындағы ірі өрт сөндірілді.

«24 желтоқсанда Астанада болған резина-техникалық, қағаз және май өнімдері қоймасындағы күрделі өртті сөндіруге 26 бірлік техника, 100-ге жуық адам жұмылдырылды. Тілсіз жаумен 7 сағатқа созылған айқас 25 желтоқсанда сағат 00:43-те сөндірілді», - деп хабарлады ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.

Еске сала кетейік, оқиға орнында жедел штаб құрылды. Өрт 3 мың шаршы метр аумақты қамтыды. Жалынның қатар тұрған контейнерге ұласуына жол берілмеді.

Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталатын болады.

Бұдан бұрын хабарланғанындай, 24 желтоқсанда сағат 18::00-де өртке қарсы күрес байланысы орталық пунктіне Астана қаласы, Бейсекбаев көшесінде орналасқан қойма ғимаратында өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті.

Бұл хабарлама бойынша 18:01-де құрамында 3 автоцистерна, 1 бірлік АСА-20 (апаттық-құтқару автомобилі) және жеке құрамның 16 адамы бар таяу маңдағы №1 өрт сөндіру бөлімінің өкілдері жөнелтілді.

18:05-те шақырылған женрге келіп жеткен өрт сөндірушілер ғимаратта автомайлар, қағаздар, резина-техникалық бұйымдар және басқа да шаруашылық өнімдері өртеніп, қою түтін басқанын және шаруашылық-химиялық өнімдердің лапылдап жарылып жатқаны анықталды.

20.43-те өрттің ауыздықталуы қамтамасыз етілді.