Астанада ҚР БҒМ бастамасымен құрылған жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтеді

АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада 24 тамызда ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен министрліктің бастамасымен құрылған білім саласындағы жұртшылықпен байланыс жөніндегі Кеңестің алғашқы отырысы өтеді.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанда алғаш рет білім беру саласындағы жұртшылықпен байланыс кеңесі құрылып отыр. Ол Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жанындағы тұрақты түрде әрекет ететін консультативтік-кеңес беру органы болып табылады.

Білім беру саласындағы жұртшылықпен байланыс кеңесі білім саласындағы қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Қоғамдық Кеңес құрамына ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкерлері, ҚР Парламент депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдері, танымал журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ), білім беру ұйымдарының, кәсіподақ ұйымдарының, қоғамдық қозғалыстардың, ата-аналар қоғамдастығының басшылары кірді.