Астанада ҚР бокс федерациясының жылдық конференциясы өтті

Фото: Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстан бокс федерациясы бүгін елордадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде жылдық конференция өткізді.

Жиынға Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп және толық басшылық құрам қатысты. Сонымен қатар, ұлттық құрама бапкерлері мен аймақтық бокс федерацияларының басшылары бас қосты. Спорт және дене шықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин мен Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев қатысты. 

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Біз жаңа Олимпиадалық кезеңге қадам бастық. Қазірден бастап 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындықты жүйелі, әрі белсенді түрде жүргізуіміз қажет. Ортақ стратегия аясында бірлесіп әрекет ете отырып, елімізді лайықты деңгейде таныстырып, Отандық бокстың халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыра аламыз деп сенемін. Алдағы уақытта бізді бұрынғыдан жауапкершілігі еш кем емес жыл күтіп тұрғанын атап өткім келеді. Негізгі күш-жігерімізді 2026 жылы Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындары және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындары дайындығына бағыттауымыз қажет. Ағымдағы жылдың соңына дейін біз бірқатар маңызды жарыстарды өткізуді және оларға қатысуды жоспарлап отырмыз, — деді Шахмұрат Мүтәліп жиынның алғысөзінде.

ҚБФ бас хатшысы Мерей Ақшалов өз баяндамасында 2024 жылға федерация жұмысы бойынша есеп беріп, алдағы жобалар жайында айтып өтті. 

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Сонымен қатар, жиында ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов, әйелдер құрамасының аға бапкері Марат Қырықбаев, төрешілер алқасының төрағасы Дінмұхамед Абайхан 2024 жыл нәтижесі бойынша есеп беріп, алдағы жоспарларды жариялады.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, бокстан Әлем кубогы 30 маусым — 6 шілде аралығында Астана қаласында өтеді.