Астанада ҚР Конституциясы күніне арналған әскери парад өтеді

АСТАНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат. Қазақстан Республикасының Президенті - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, 2009 жылғы  тамыздың 30-да Астана қаласында Конституция күніне арналған әскери парад өтеді. Осыған орай ертең, шілденің 29-да Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Нұрлан Жоламанов әскери парадқа дайындық шараларына қатысты баспасөз мәслихатын өткізеді,

 деп хабарлады ҚазАқпаратқа Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.  

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскерлердің парадқа дайындығына барынша мән беріп отыр. Шеруге әзірлік пен оны өткізу Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Нұрлан Жоламановқа жүктелген.

Қазіргі таңда дайындық өткізу үшін Астанаға әскер түрлері мен тектерінен, өңірлік қолбасшылықтардан 1200-ден астам офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер келді. Оларды орналастыру үшін 68665 әскери бөлімінде  қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған далалық лагерь жасақталған.

Далалық лагерьде барлығы 77 әскери шатыр қондырылған. Оның ішінде жатын орын, далалық асхана, медициналық пункттер бар.

Әскери тәрбие құрылымдарының өкілдері парадқа қатысушылар үшін көркемөнерпаздардың қатысуымен концерт ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Парад есептоптарын жасақтау үшін әскери қызметшілердің арасынан ең лайықты деген офицерлер таңдап алынды. Дайындық күн сайын түске дейін өтеді.

Парадқа Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен 1800-ден астам офицер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, әскери оқу орындарының курсанттары және мерзімді қызметтің сарбаздары тартылған.

Сондай-ақ, шеруге 118 әскери техника мен қару-жарақ және 40 авиациялық техниканы қатыстыру жоспарланып отыр.