Астанада ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті VI отырысы өтті

АСТАНА. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті VI отырысында, республикада Білім саласын жетілдірудің 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы талқыланды.

ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы, аталмыш Кеңес төрағасы Ғабидолла Әбдірақымовтың төрағалығымен өткен мәжіліс барысында, қазіргі жастарда елдің саяси, қоғамдық және мәдени өміріне араласуға құлшыныстары жоқтығы баса айтылды. Жастар буынының денінде азаматтық позициялары төмен.

Айта кетейік, ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовтың ұсынысымен Білім саласын жетілдірудің 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына жастар саясаты мен тәрбие жұмысы туралы қосымша тармақ енгізілген болатын.

Қазақстанда бүгінгі күні 4 миллионнан астам жастар тұрады, бұл - республика халқының 30 пайызға жуығы. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік билік органдарындағы жастардың үлесі небәрі 1 пайызды құрайды, ал жастар ұйымдарына тартылғандардың үлесі 22 пайыздан асып жығылады.

«Бағдарламада саяси сана-сезім мен азаматтық жауапкершілікті арттыруға, белсенді позициялар мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған, жастармен өзара әрекет етудің тиімді үлгісі әзірленген», - деп атап өтті С.Ырсалиев.

Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде, 2020 жылға қарай жастар бірлестіктерінің қызметтеріне жұмылдырылған жастардың саны 29 пайызға, барлық өкілетті органдардағы жастардың үлесі 10 пайызға, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырушылардың үлесі 24 пайызға жеткізілетін болады деп күтілуде.

Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері, ҚР Президенті Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.