Астанада ҚР Тұңғыш Президентінің бейнесін ашатын «Ел қолдаған Елбасы» атты картиналар мен фотосуреттер көрмесі өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Назарбаев орталығында» ҚР Тұңғыш Президентінің күніне орай «Ел қолдаған Елбасы» атты картиналар мен фотосуреттер көрмесі ашылды.

Аталмыш экспозицияны ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры ұйымдастырып отыр.

Экспозицияда ҚР Президенті Н.Назарбаев тұлғасының сан түрлі қырларын көрсететін қызықты және тосын фотосуреттер: Елбасының ой-толғау үстіндегі, қазақстандық отбасылармен, балалармен, қала және ауыл еңбеккерлерімен кездескен қуанышты сәттері, сондай-ақ белгілі суретшілердің портреттік еңбектері қойылған.

Астаналықтар мен қала қонақтарына ұсынылған туындылар республикамыздың 23 жылда жүріп өткен басты жетістіктері мен есте қалар ауқымды оқиғаларды, Қазақстан дамуының бізге белгілі межелерін көрсетеді.

«Қазақтың тарихында Н. Назарбаевтың рөлі бөлек. Осыдан 23 жыл бұрын қандай да бір қиыншлықтарға қарамастан, өзіне үлкен бағдар алып, Тұңғыш рет дербес мемлекет құрды. Осы өткен жылдардың ішінде ең негізгісі - Қазақстан көршілерімен арадағы шекараларын анықтап, дүниежүзіндегі абыройы, беделі өсті», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев көрменің ашылу салтанатында.

«Қандай бір, экономикалық немесе табиғи қиындықтар болса да, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің халқын қиналтпай, басқа елдерден кемітпей алып шығып келе жатыр. Соңғы кезде орын алып жатқан дүниежүзіндегі дағдарыстардың барлығын жақсы білеміз, бірақ соған қарамастан, қазақстандықтардың әл-ауқаты, тұрмысы, жағдайы күннен-күнге жақсаруда. Жақында ғана жарияланған Қазақстан халқына Жолдауы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» да алдымыздағы келе жатқан дағдарыс қарсаңында халықты қиналтпай, елге жағдай жасауға бағытталған шара», - деп атап өтті вице-премьер.

Оның сөзіне қарағанда, бұл көрме тағы да біздің қандай мемлекет болғанымызды, Елбасы Н.Назарбаевтың осы мемлекеттің қалыптасуына, дамуына қандай үлес қосқанын көрсетеді.

«Екі үш күннен кейін Тұңғыш Президент күнін атап өтеміз. Барлығыңызды сол келе жатқан мерекемен құттықтаймыз. Ең бастысы, егемендігіміз ұзағынан болсын, Көк Байрағымыз желбірей берсін, көпұлтты мемлекетімізде достық пен бейбітшілік болсын, Қазақстанның абырой-беделі өсе берсін!», - деп түйді сөзін Б.Сапарбаев.