Кездесу Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықаралық күнін мерекелеуге және Қазақстан және БҰҰ арасында ынтымақтастық орнатылғанына 20 жыл толуына арналған, деп хабарлайды МБА баспасөз қызметінен.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және Қазақстандағы БҰҰ өкілдігі ұйымдастырған іс-шараға халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус және БАҚ, ғылыми және академиялық қауым өкілдері, БҰҰ мәселелері жөніндегі сарапшылар, сондай-ақ Академияның магистранттары, докторанттар және профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Б. Әбдірәсілов қатысушыларды БҰҰ Халықаралық күнімен құттықтап, БҰҰДБ Академияның белсенді әріптесі болып табылатынын атап өтті. 2011 жылғы 26 тамызда Академия және БҰҰДБ арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум шеңберінде бірқатар бірлескен іс-шаралар, соның ішінде мемлекеттік қызмет саласында Аймақтық хаб құру жөнінде іс-шаралар өткізілді.
ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары А.Волков құттықтау сөзін сөйлеп, ҚР сыртқы істер министрі Е. Ыдырысовтың атынан құттықтау жолдауын оқыды. Сондай-ақ, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкілі С.Тулл құттықтау сөзін сөйлеп, Қазақстан және БҰҰ арасындағы табысты ынтымақтастық туралы жан-жақты әңгімеледі.
Семинар барысында БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның бейнеүндеуі көрсетілді және «Қазақстандағы БҰҰ-ға 20 жыл» фотосурет көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.