Астанада «Күлтегін - 2010» гала-концерті өтеді

АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Күлтегін - 2010» мерекесінің гала-концерті өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шара аясында алғаш рет университет студенттері арасындағы «Ер жігіт - 2010» байқауы өткізіледі. Байқау барысында қатысушылар халқымыздың батыр тұлғаларын сомдап, өлең-жыр жолдарымен өздерін таныстыратын болады. Сондай-ақ спорттық сайыстар кезінде құралайды көзден атқан жігіттер садақ атып, кір тасын көтеруден күш сынаспақ. Ал дүбірлі доданың соңғы бәсекелерінде олар өз өнерлері мен білімдерін ортаға салмақ.

Сондай-ақ «Күлтегін-2010» гала-концерті аясында «Еуразия жұлдызы», «Еуразия мақтанышы» және «Еуразия болашағы» байқауларының жеңімпаздары марапатталады. Концертке белгілі эстрада жұлдыздары - Мәдина Сәдуақасова, Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина және «Ұлытау» тобы қатысады.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының ел өмірінде алар орны зор. Осы бағдарлама аясында Еуразия ұлттық университетінде Президенттің қатысуымен ашылған Күлтегін ескерткіші халқымыздың түркі дәуіріндегі тарихын зерттеп-зерделеуге мүмкіндік берді. Бүгінде аталған тарихи жәдігерге қашалып жазылған Күлтегін батырдың ерлік баяны университетте білім алып жүрген студент-жастар үшін патриотизмнің жарқын үлгісіне айналды. Сол себепті Еуразия ұлттық университеті құрылған күн «Күлтегін күні» деп аталды. Ал осы мейрам аясында жыл сайын өткізілетін мәдени-қоғамдық іс-шаралар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуді көздейді.