Астанада құны 20 млн теңгеден асатын 4 тонна насыбай тәркіленді

Фото: Фото: Астана қаласының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Елорданың барлық аудандарында 18 наурыздан бастап вейп пен насыбайдың заңсыз таралуы мен қолданылуын анықтау бойынша рейдтер жүргізіліп жатыр.  Полицейлер аудан әкімдіктерінің өкілдерімен бірлесіп сауда нүктелерін тексеріп, таратушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартады. 

Елорда әкімдігі сайтының хабарлауынша, рейд басталғаннан бері Астананың бес ауданында 800-ден астам сауда нүктесі тексерілді. Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп шекпейтін темекі өнімдерін, оның ішінде насыбай өндірісі бойынша жерасты цехтарын сатудың 150-ден астам фактісін анықтады.

Астана бойынша құны 20 млн теңгеден асатын 4 тонна насыбай тәркіленді. Аталған өнімдер жойылды.

Алматы ауданындағы рейд барысында полицейлер 57 фактіні анықтады, оның ішінде:

- Шекпейтін темекі өнімдерін сатудың 42 фактісі (насыбай) тіркелді. Барлық фактілер бойынша 25 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылып, ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды.

- Мекемелерде темекі өнімдерін (кальян) тұтынудың 14 фактісі тіркелді. ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша 15 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданумен әкімшілік хаттамалар толтырылды. 

- Жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекі бұйымдарын сату фактісі тіркелді. ҚР ӘҚБтК-нің 423-1-бабы бойынша 15 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылып, әкімшілік хаттама жасалды. 

Сарыарқа ауданында рейд басталғаннан бері 60-тан астам бұзушылық анықталып, 30 келіге жуық насыбай тәркіленді.

Байқоңыр ауданында жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында 180-нен астам сауда нүктелері тексеріліп, шекпейтін темекі өнімдерін сатудың 6 фактісі анықталды. Полиция қызметкерлері кәсіпкерлерге қатысты ҚР ӘҚБтК 196-бабы мен 423-бабы 1-бөлігіне сәйкес, 25 АЕК (92 300 теңге) сомасына айыппұл түрінде әкімшілік шаралар қабылдады. 

Естеріңізге сала кетейік, Астанада 4 тонна насыбай тәркіленді, оның құны 20 млн теңгеден асады. Тәркіленген барлық өнім жойылды. Елорданың сауда нүктелері бойынша рейдтер күн сайын өтеді. 

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың III отырысында насыбай өндірушілері мен дистрибьюторлары үшін заңнамалық шектеулер қоюды тапсырғанын атап өткен жөн. Президенттің тапсырмасы аясында Астананың барлық білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Барлық мектептерде «жаман әдеттер және олардың денсаулыққа әсері» тақырыбында сынып сағаттары өткізілді, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында адам ағзасына насыбайдың зияны туралы егжей-тегжейлі баяндалған кураторлық сағаттар мен дөңгелек үстелдер өткізілді.