Астанада құны 2,7 трлн теңге болатын 380 жоба прокурорлардың бақылауында

АСТАНА. KAZINFORM – Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Ақмола облысы мен Астанадағы инвестициялық нысандарды аралады, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Фото: Бас прокуратура

Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы «Aqmola» индустриялық аймағына және Orbis Heavy Machinery зауытына жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында ол инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысып, кәсіпорын басшыларымен инвесторларды сүйемелдеу, әкімшілік кедергілерді жою және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Фото: Бас прокуратура

«Aqmola» индустриялық аймағында сингапурлық Eagle Architecture Technology компаниясының автоклавты газбетон блоктарын, ПВХ және алюминийден жасалған қасбеттік жүйелерді, витраждық конструкциялар мен битумды гидрооқшаулағыш материалдарды өндіретін зауыттың құрылысы жалғасып жатыр.

Ақмола облысы әкімдігінің өтініші бойынша Комитет «Aqmola Invest» ұйымымен бірлесіп, индустриялық аймақтың инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым жобаларына мемлекеттік сараптаманың жүргізілуін қамтамасыз етті. Бұл инвестициялық жобаларды қажетті инфрақұрылыммен уақытылы қамтамасыз етуге және олардың іске асырылуын жеделдетуге мүмкіндік берді.

Фото: Бас прокуратура

Сондай-ақ төраға Orbis Heavy Machinery зауытында болды. Бұған дейін компанияның өтініші бойынша прокуратура органдары инвестициялық жобаның екінші кезеңін іске асыруға кедергі келтірген әкімшілік тосқауылды жойған болатын. Су қорғау аймағының шекарасы нақтыланғаннан кейін инвестор арнайы техниканы құрастыру зауытының құрылысын жалғастыруға мүмкіндік алды.

-Бүгінде комитет 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Әрбір жобаға жеке прокурор бекітілген. Біздің басты міндетіміз – әкімшілік кедергілерді жедел жою және инвесторлардың құқығын қорғау. Тек Ақмола облысының өзінде жалпы құны 2,5 трлн теңгені құрайтын 182 жоба, ал Астана қаласында жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 380 жоба сүйемелденіп жатыр, – деді Бауыржан Ералы.

Осыған дейін Маңғыстауда прокуратура ірі инвестордың құқығын қорғағаны туралы жаздық.

Фото: Бас прокуратура