Астанада құны 354 млн доллар болатын дата-орталық кампусы салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жасанды интеллект пен цифрлық сервистерге қажетті инфрақұрылымды дамытуға бағытталған Akashi Data Center кампусының құрылысы жүріп жатыр. Жобаға 354 млн доллар инвестиция салынып, 11 гектардан астам аумақты қамтитын нысанның жалпы жобалық қуаты 100 МВт-қа дейін жетеді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бүгін нысанда БАҚ өкілдеріне арналған алғашқы жабық техникалық баспасөз туры өтті. Журналистерге құрылыстың қазіргі кезеңі, энергетикалық инфрақұрылым және болашақ дата-орталықтың мүмкіндіктері таныстырылды.

Қазір кампуста алғашқы DC-1 модулінің жалпы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Инженерлік жүйелерді монтаждау кезеңі басталған. Қосалқы станцияға қажетті негізгі электр жабдықтары орнатылып, нысанға жеке электр желісі тартылған.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жобаның алғашқы кезеңін 2027 жылы іске қосып, алғашқы ірі клиенттерді орналастыру жоспарланып отыр. Ал кампустың барлық төрт модулі толық іске қосылғанда, мұнда 4 мыңнан астам серверлік сөре орналастырылады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Компания өкілдерінің айтуынша, дата-орталықтың негізгі бағыты — бұлтты сервистер, жоғары өнімді есептеулер және жасанды интеллект технологияларына қажетті инфрақұрылымды ұсыну.

— Дүниежүзілік тәжірибеге қарасақ, Орталық Азия нарығында деректерді өңдеу орталықтары бойынша үлкен мүмкіндік бар. Осы нарықтағы бос кеңістікті дәл осы дата-орталықтар толтыра алады. Өйткені IT-инфрақұрылымды дамыту үшін, ең алдымен, заманауи деректерді өңдеу орталықтарын салу қажет. Бұл елімізге үлкен экономикалық пайда әкеледі. Шетелдік IT-компаниялар Қазақстанға келіп, өз жобаларын орналастырса, жаңа инвестициялар тартылып, экономиканың дамуына серпін береді, — деді Akashi Data Center коммерциялық директоры Ерасыл Аюбеков.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жобаның алғашқы DC-1 модулінің жобалық құжаттамасы Uptime Institute халықаралық ұйымының Tier IV Design стандарты бойынша сертификатталған. Бұл дата-орталықтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге арналған резервтік жүйелер қарастырылғанын білдіреді.

Кампустың кейінгі модульдерінің бірі жоғары тығыздықтағы жасанды интеллект есептеулеріне бейімделмек. DC-4 модулінің IT-жүктемесі 30 МВт-қа дейін есептелген және онда сұйықтықпен салқындату технологияларын қолдану жоспарланған.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жоба өкілдерінің айтуынша, жаңа дата-орталықтың іске қосылуы халықаралық технологиялық компаниялардың Қазақстан нарығына келуіне және елдегі цифрлық инфрақұрылымның дамуына қосымша мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai базасында «Орталық Азия — Корея» озық технологиялар орталығын құруды ұсынды.