Астанада Құрбан айттың алғашқы күні қайырымдылық жәрмеңкесі өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін айт намазы оқылып болысымен «Әзірет Сұлтан» мешітінің ауласында «Қайырымдылық жәрмеңкесі» бастау алды, деп жазады muslim.kz.

Жәрмеңке барысында мешіттің әйел ұстаздары мен діни сауат ашу курсының нәзікжанды шәкірттері өздері әзірлеген тағам түрлерін саудаға шығарып, сауапты іске өз үлестерін қосуға тырысты.

Ыстық тағам әзірлеп, түрлі тәттілер дайындап түнімен тыным таппаған қыз-келіншектердің еңбегі еленіп, айт намазынан соң мешіт ауласындағы қазақ үйі алды қарақұрым халыққа толды. Саудадан түскен қаражаттың қайырымдылық шарасына жұмсалатынын естіген жамағат та жомарттық танытып, сауда көрігін қыздыра түсті.

«Әзірет Сұлтан»мешітінің діни сауат ашу курсында оқитын қыз-келіншектер мен мешіт қызметкерлерінің бұл бастамасына «Әзірет Сұлтан мешітінің әжелері» атанған бір топ ақжаулықты апаларымыз келіп, алғыстарын айтып, баталарын арнады.

Аталмыш жәрмеңкеден түскен қаражаттың барлығына алдымызда келе жатқан Халықаралық мүгедектер күніне орай Астана қаласындағы кемтар жандарға көмек көрсетілетін болады.