Астанада құрылыс қалдықтарын заңсыз төгуге қарсы рейдтер басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада құрылыс қалдықтарын заңсыз төгуге бақылау күшейтіліп, құрылыс нысандарында рейд жүріп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Астана әкімдігі мен қалалық Полиция департаменті құрылыс нысандарында құрылыс қалдықтарын басқару қағидаларының сақталуын тексеру мақсатында рейдтік іс-шараларды бастады.

— Рейдтердің негізгі мақсаты — құрылыс және демонтаж жұмыстары кезінде пайда болатын қоқыстардың белгіленген тәртіппен арнайы орындарға шығарылуын бақылау және олардың рұқсат етілмеген орындарға төгілуіне жол бермеу, — делінген хабарламада.

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптарына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылады.

Әкімдіктің мәліметінше, бұл бағыттағы бақылау жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.

Осыдан бұрын елорда хостелдерінде өрт қауіпсіздігіне қатысты рейд жүргізілгенін жазғанбыз.