Кештің ашылуы барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақтың алғашқы кәсіпқой композиторы және фольклоршысы Ахмет Жұбановтың басшылығымен Қазақстанда алғашқы оркестрдің құрылу тарихы туралы әңгімелеп берді. Министрдің айтуынша, оркестрді қалыптастыруда халық аспаптарын таңдап, оларды бір-бірімен үндестіру оңайға түспеген.
М.Құл-Мұхаммедтің атап көрсеткеніндей, А.Жұбанов құрған Құрманғазы атындағы оркестр қазақ күйлерінің жаңа оркестрдің орындауда күй төгуіне мүмкіндік берді. Осы қажырлы еңбектің арқасында ұлт аспаптары оркестрінің орындауында қазақтың дәстүрлі музыкасы жаңа формада түрленіп, биікке самғады.
Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі - ұлттық музыка мәдениетінің мақтанышы, ұлттық музыкалық мұрамызды насихаттаушы және оны сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізуші. Бүгінде оркестр құрамында 70-тен астам адам қызмет етеді. Оның репертуарында отандық және шетелдік классик-композиторлардың 4 мыңнан астам шығармалары, олардың арасында Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Д.Нұрпейісованың, А.Жұбановтың, М.Төлебаевтың, Л.Хамидидің, Ғ.Жұбанованың, Е.Брусиловскийдің, Ф.Шуберттің, М.Глинканың, П.Чайковскийдің, И.Глазуновтың, В.Брамстың және басқа да атақты музыка шеберлерінің өлмес мұралары бар.
Оркестрдің мерейтойына арналған салтанатты концертте Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбіловтің, сондай-ақ халықаралық конкурстардың лауреаттары Гүлзат Дәуірбаеваның, Жан Тапиннің, Салтанат Ахметованың, Азамат Желтұрғызовтың және Мейір Байнешовтың орындауында танымал композициялар шырқалды.