13:28, 21 Мамыр 2009
Астанада құрылысы аяқталып жатқан тұрғын үйлердегі бос пәтерлер жеңілдетілген ипотекалық несиемен беріле бастады ? С.Хорошун
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бұдан былай Астанада құрылысы бітіп жатқан тұрғын үйлердегі бос пәтерлерді жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы алуға болады.
Бұл туралы бүгін проблемалы тұрғын үй кешендерінің құрылыстарын аралаған Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Көшпелі жиын барысында мемлекеттік қабылдау комиссиясының мүшелері бес нысанды көрді. Оның үшеуінің құрылысы «Жаңа құрылыс» ЖШС арқылы аяқталуда, ал екеуі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының бірінші траншы аясында бөлінген қаражатқа салынып жатыр. Бұлар - «Тәуелсіздік» (Б.Момышұлы даңғылында), «Байқоңыр» (Б.Момышұлы және Манас көшелерінің қиылысында), «Алтын ғасыр» (Манас көшесінде), «Ертегі әлемі» (Президенттік саябақтың маңайы) және «Лазурный квартал-1» (Есіл өзенінің сол жағалауында) тұрғын үй кешендері. «Жеңілдетілген шарттармен ипотекалық несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Ол екінші деңгейлі банктер арқылы жылына 10 пайыздық мөлшермен берілуде. Мұндай пайыздық мөлшерлеме дағдарысқа дейінгі уақытта болған емес, сондықтан қала тұрғындары үшін өте тиімді деп ойлаймын», - деді С.Хорошун. Аталмыш бес нысан алдағы екі жылда пайдалануға беріледі.