Астанада құрылысы бітпеген үй құлап, үйінді астынан үш адам құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада құрылысы бітпеген ғимарат құлап, құтқарушылар үйінді астында қалып қойған үш адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оларды құтқаруға Орталық аймақтық аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының кинологиялық тобы жұмылдырылды

1 тамыз күні  сағат 19-55-те Астана қаласы Алматы ауданындағы Балқантау, 171 мекенжайында тұрғызылып жатқан қос қабатты коттедждің бірінші және екінші қабатын жалғап тұрған еден жабыны белгісіз жағдайда опырылып құлап түсті. Салдарынан үш жұмысшы үйінді астында қалып қойған. Құтқарушылар 1970 жылғы және 1983 жылғы азаматтарды үйінді астынан қазып алды. Екеуі де аман. Сосын үшінші жұмысшы да құтқарылды. Зардап шеккендер тез арада ауруханаға жеткізілді.

Оқиға орнында Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты Орталық аймақтық аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының құтқарушылары және комитеттің апаттық медицина орталығының мамандары жұмыс істеп жатыр.