Астанада күшті жел тұратыны ескертілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 22 шілдеде Ақмола облысында және Қазақстан астанасында күшті жел тұратыны ескертілді. Бұл туралы Қазгидромет хабарлады.

«22 шілдеде Ақмола облысында оңтүстік-батыстан соққан жел түнде кей жерлерде 15-20 м/с-қа жетіп, өңірдің басым бөлігінде желдің екпіні 17-22 м/с болады. Астанада 22 шілдеде таңғертең және күндіз оңтүстік-батыстан соққан желдің ұйтқуы 15-20 м/с-қа жетеді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар сайтта 22-24 шілде күндеріндегі ауа райы болжамы берілген. Қазгидрометтің мәліметтерінше, кіндігі Қостанай облысы үстінде болған белсенді циклон Қазақстанның барлық аумағын өз ықпалына алады. «Осы циклонның әсерінен республиканың солтүстігінде жаңбыр жауып, кей жерлерде нөсерлетеді. Таяудағы үш тәулікте циклон осы аумақта болған кезде солтүстікте күшті жаңбыр жаууы сақталады, Қазақстанның орталығы мен шығысында күн күркіреп, өткінші жаңбыр жауады, күн күркіреген кезде жел 15-23 м/с-қа дейін күшейеді, ауаның темературасы әдеттегіден 4-8 градусқа төмендейді. Республиканың батысында күн ашық болады, мұнда ауаның темературасы күндіз 27-30 градустан 28-37 градусқа дейін жоғарылайды. Оңтүстікте және оңтүстік шығыста күн ашық болып, ыстық ауа райы сақталады, таулы жерлерде ғана 24 шілдеде жаңбыр жаууы мүмкін», - деп хабарланды сайтта.