Астанада құтқарушылар балалардың терезеден құлау қаупі туралы ескертті

АСТАНА. KAZINFORM — Елордалық ТЖД мамандары балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу бойынша ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Фото: pexels.com

— Күн жылынған сәттен бастап қауіпсіздік шараларына көбірек көңіл бөлу керек, — дейді елордалық құтқарушылар.

Балалар жарақатын азайтудың негізгі қауіпсіздік ережелері:

— үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмаңыз, өйткені бұл баланың өмірі мен денсаулығы үшін үлкен қауіп болмақ;
— балаларды қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе терезенің алдында ойнатпаңыз;
— терезедегі масалардан қорғайтын торға сүйеніп тұруға болмайды, бала сол торға алданып, құлап кетуі мүмкін;
— баланың терезені өз бетінше ашуына кедергі келтіретін қауіпсіздік құлыптарын (блокаторлар) орнату керек;
— бала терезенің алдына шығып кетпес үшін жиһазды терезенің жанына қоймаңыз.

Бұдан бұрын Астанада 3 жасар бала терезеден құлап мерт болғанын жазған едік.