Оқу-жаттығудың мақсаты қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін қалалық азаматтық қорғаныс жүйесінің дайындығы мен мүмкіндігінің деңгейін арттыру болып табылды.
Шара 5 оқу алаңында өтті. Ең бірінші оқу алаңы «Қаланың авариялық-құтқару қызметтері мен жасақтарының сап түзеуі» болды. Астана қаласының жедел әрекет ету жасағы апаттардың салдарын жою, жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетуге және Астана қаласының аумағындағы төтенше жағдай орындарынан оларды қауіпсіз жерге бір сағаттың ішінде көшіру үшін арналған. Астана қаласы ТЖД бастығы азаматтық қорғау полковнигі Б.О.Дұзақбаев қызметтер техникасы мен қызметкерлерінің дайындығын өзі тексерді.
Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес, екінші оқу алаңында құтқарушылар алдында Көкшетау-Астана автобусының жолаушыларын ЖКО салдарынан авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында қауіпсіз жерге шығару міндеті тұрды. 112 құтқару қызметіне Көкшетау-Астана бағдарындағы автобус жолаушыларынан 39-шы шақырымда қалың қардың құрсауында қалғандары туралы қоңырау келіп түседі.
Үшінші оқу алаңында «Қарлы боранда азаматтарды іздеу» жоспарына сәйкес, төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері қарлы бораннан жапа шеккен, адасқан адамдарға кинологтар көмегімен жәрдемдесті. Құтқарушылар жапа шеккендермен бірге «Қабылдау, жылыту және медициналық, психологиялық көмек көрсету пунктерінің дайындығы» деп аталатын оқу-жаттығудың төртінші алаңына барды.
Оқу-жаттығуға 37 техника және жеке құрамнан 120 адам жұмылдырылды.