Астанада күйікке шалдыққан науқастарға тері трансплантациясы жасалды

АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Республикалық жедел медициналық көмек ғылыми орталығының күйік жарақаты бөлімшесінің мамандары ҚР Ұлттық биотехнология орталығымен бірлесе отырып,

лабораториялық жағдайда жасалған тері жасушаларын күйікке ұшыраған науқастарға отырғызу әдісін қолданысқа енгізіп, бірнеше күрделі операцияларды сапалы түрде жасап жатыр.

Бұл туралы Ұлттық медициналық холдингтің баспасөз орталығынан хабарлады.

Ақпаратта таратылған статистикалық мәліметке сәйкес, ҚР-да әр жыл сайын 17000 адам күйікке шалдығады. Күйік стационарларында жыл сайын 200-ден астам адамның өлімі тіркеледі.

Ағымдағы жылдың 15 наурызында Республикалық жедел медициналық көмек ғылыми орталығында 4 науқасқа тері трансплантациясы бойынша күрделі 5 операция жасалған. Соның ішінде ауқымды күйік жарақатын алған науқастың екеуіне тері пластикасы жасалды.

Қазіргі таңда Республикалық жедел медициналық көмек ғылыми орталығының күйік жарақаты бөлімшесінде жасанды түрде өсірілген тері жасушаларының трансплантациясын жетілдіру ісі жалғасып жатыр.

Орталық биотехнологтармен бірлесе отырып, жасушалардан «табиғи тері» баламасын жасау тәжірибесін енгізуді жолға қоюды жоспарлап отыр.