Астанада «Қуыршақ театры» ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Қуыршақ театры» ғимаратының ашылуы өтті. Шара салтанатты түрде тұсаукесер лентасын кесуден басталып, қазақ халық ертегісі желісімен «Қаңбақ шал» спектаклі қойылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шара барысында Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Н. Мұхамбеталина құттықтау сөз сөйледі.

- Бүгін бәріміз үшін өте қуанышты күн. Мәдениет басқармасының атынан «Қуыршақ театрына» балалар мен ересектерді қуантып, дамып, жаңа ғимаратта үлкен жетістіктерге жете беріңіздер, - деді ол.

Елордалық «Қуыршақ театры» 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алайда, жеке ғимарат болмағандықтан олар балабақшалар мен мектептерде, ұйымдарда, ауруханаларда өнер көрсетіп, қайырымдылық акцияларға қатысып жүрді.

«Қуыршақ театрының» директоры Тоғжан Хасанғалиеваның айтуынша, жаңа ғимарат 100 орынға есептелген. Қуыршақ театры осыған дейін көшпелі театр болса да, оның репертуарында 12 спектакль бар. Театр құрылғалы бері актерлар көптеген фестивальдарға, соның ішінде Стамбулда, Миланда, Душанбеде, Ресейде өткен шараларға қатысты.

«Қуыршақ театры» Астана қаласының әкімдігі мен қалалық Мәдениет басқармасының қолдауымен ашылды. Мерекелік шараға Мәдениет басқармасының өкілдері, «Қуыршақ театрының» қызметкерлері, мүгедектер орталығынан, Балалар үйі мен мектеп жанындағы лагерьлерден балалар қатысты. Енді балабақшадағы бүлдіршіндерден бастап 14 жасқа дейінгі балалар үшін аптасына 3-4 рет спектакль көрсетілетін болады.