Мерекеге Астана тұрғындары мен қонақтары үшін 2 киіз үй тігіліп, қымыз, ыстық бауырсақ пен басқа да қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды. Келушілерге Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры әртістерінің ата-бабамыздан қалған «Келін түсіру» салт-жорасын және қазақтың ұлттық сусыны туралы театрландырылған қойылымы көрсетілді. Кешен аумағында алтыбақан орнатылып, әралуан ұлттық киім түрлері көпшілік назарына ұсынылды.
Шараны ұйымдастырушы Астана опера мұражайының директоры Априза Құсайынқызы қымыздың салауатты өмір салтын қалыптастыруда маңызы зор екенін айтты.
«Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ассамблеяның 20 жылдығын мерекелеу аясында өткізіліп отырған бұл шарамыз «Қымыз мейрамы» фольклорлық-этнографиялық мерекесі деп аталады. Қымыздың, ең алдымен, адам денсаулығына емдік қасиеті басым. Ішкен адамның бойын сергітіп, бүкіл ағзаларын қуаттандырады. Қазіргі уақытта қаламыздың қай жерінен болмасын қымызды сатып ала аласыз. Қасиеті мол бұл сусын екінің бірінің үйінен табылады деуге болады. Бұл - өте үлкен қуаныш. Өйткені ұлттық сусын қымыздың салауатты өмір салтын қалыптастыруда ролі зор. Сондықтан біз қос мерекенің құрметіне орай, салауатты өмір салтын дәріптеуге өз үлесімізді қосу үшін осындай мереке өткізіп отырмыз», - деді А. Құсайынқызы.
Кешен аумағында алтыбақан орнатылып, әралуан ұлттық киім түрлері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, «Қымыз мейрамы» фольклорлық-этнографиялық мерекесінде бүркітшілер де өз шеберліктерін ортаға салатын болады. Аталған өнер ұжымы келушілерге қазақтың ұлттық сусыны туралы театрландырылған қойылымын ұсынды.
Мереке қонақтары арқан тарту және қол күресі сынды ұлттық ойындарда күш сынасты. Сондай-ақ, қала тұрғындары қымыз ішу сайысына қатысып, аталған сусын туралы білгендерін ортаға салды.
Сағат 11:00-18:00 дейін жалғасатын мерекеге келушілер қымыздан дәм татып, қазақтың ұлттық сусынының тарихымен танысады.
Бейсен Сұлтан