Астанада Қырғызстан азаматы 11 келі героинмен ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 шілдеде шамамен сағат 21.00-де «Рубеж» бекетінде жол-патрульдің полицияның қызметкерлері «Wolkszwagen Passat» көлігін тоқтатып, оның жүргізушісі 52 жастағы Қырғызстан азаматынан 11 келі героинді тәркіледі.

Көлікті тінту барысында «Линда» қызметтік иті бампердің маңынан белгісіз заттың иісін сезді. Дәл сол жерден ұнтақ заты салынған 13 пакет табылды. Барлық пакеттерде «777» белгісі, қыран суреті мен араб әріптерімен жазылған сөздері бар мөрі болған. Сараптама жұмыстарынан соң бұл ұнтақ героин екені анықталды. Есірткі затының жалпы салмағы 11 келіні құраған.

Қазіргі уақытта Астана қаласының ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткінің шығу көздерін, оны сатудың амалдары мен ұсталғанның Астана аумағындағы есірткіге қатысты қылмыстарға қатыстылығы бар-жоғын анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Ұсталған Астана қаласының ІІД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 259-бабы 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.