Астанада қысқы триатлоннан жекелеген жарыстар өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елордадағы Триатлон-паркте қысқы триатлоннан жекелеген жарыстар өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тіркеу жарналарынан түскен қаржы толығымен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қайырымдылық қорына, «Саламатты болашақ» - «Спорт баршаға! Шексіз Спорт!» әлеуметтік жобаларына аударылады. Жоба ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың дене шынықтыру және спорт арқылы қоғамға етене араласуына көмектеседі.

Қысқы триатлоннан жыл сайынғы жарыстың ұйымдастырушылары - Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы және Нұр-Сұлтан қаласының Триатлон федерациясы.

Жарыстар қысқартылған супер-спринт қашықтығында өткізіледі: жүгіру – 2 км; велоэтап – 3 км; шаңғы – 2,5 км (барлық кезең бір шеңберде өтеді).

Чемпионатта әр спортшы жеке старт арқылы қатысады, уақыт аралығы - кем дегенде 20 секунд. Оған 18 және одан жоғары жастағылар, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ азаматтардың барлығы қатыса алады.

Қашықтықты белгіленген уақыттан кешіктірмей аяқтаған әрбір қатысушы мәре сызығында естелік медаль және дипломдармен марапатталады.

Өздерінің жас санаттары бойынша 1-3 орын алған спортшылар 23-25 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының Триатлон федерациясының кеңсесінде марапатталады.

Жарысқа қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. Олардың арасында кәсіби спортшылар мен әуесқойлар да бар. Сонымен қатар, спорттық іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарына айтарлықтай әсер етеді, бұл оларды спортқа және салауатты өмір салтына баулиды.

Бүгінгі күні жарысқа қатысу үшін 173 адам тіркелді.

Естеріңізге сала кетейік, чемпионат 21 ақпан күні Триатлон паркінде, сағат 08:45-те басталады.
Жарыс барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі.