Қызылорда өңірінде өндірілетін отандық өнімді қолдау мақсатында жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы тауарларының арнайы көрмесі ұйымдастырылған.
50 жүк көлігімен 60-қа жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Қызылорда облысынан Астанаға жалпы сомасы 200 млн теңге болатын 500 тонна өнім әкелді.
Жәрмеңкеде 135 тоннадан астам күріш, 10 тонна ет және 30 тоннаға жуық балық өнімдері, 30 тонна көкөністер мен жемістер, 260 тонна бақша өнімдері, 3 тонна ас тұзы, 10 тонна сүт өнімдері, 5 тоннаға жуық кондитерлік өнімдер бар. Бағалар әдеттегідей нарықтан арзан.
Сондай-ақ, жәрмеңке алаңында Қызылорда әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама өтіп жатыр.
Бұған дейін хабарланғанындай, Астанаға өңірлерден келетін тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкелерінің маусымы басталды. Олар 29 қазанға дейін әр сенбі мен жексенбі күндері өтеді.