Арқа төріндегі бас қала тұрғындары Сыр өнерпаздарының шығармашылығын тамашалайды. Күмбірлеген қобыз, домбыраның қоңыр үні, жыршы, әнші, мың бұралған бишілер, театр әртістерінің қойылымдары елордалықтарға рухани кеш сыйламақ. Өнер күндерінің шымылдығы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры ұжымы сахналайтын Ж.Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы» драмасымен түріледі.
27 маусым күні «Конгресс-Холл» сарайында «Сыр өңірі - түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ұйымдастырылмақ. Астаналықтар мұнда Қызылорда облысы аумағында болған ескі қалалармен танысып, қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалайды.
Осы күні «Сыр - Алаштың анасы» атты концерт болады. Кеште дәстүрлі жыраулық өнерді насихаттаушы ҚР еңбек сіңірген қайраткер Алмас Алматов, Эльмира Жаңабергенова, жас жыршылар, халықаралық балалар шығармашылығы конкурстарының лауреаттары, «Томирис» би ансамблі, танымал эстрада жұлдыздары Батырхан Шөкенов, Гүлнұр Оразымбетова, Өмірқұл Айниязов, Елена Әбдіхалықова өнер көрсетеді.
28 маусым күні оқушылар сарайында Иран-Ғайыптың «Қорқыт» драмасы сахналанады. Соңғы күні «Тілеп Қобыз» сарайында «Сыр сүлейін сұрасаң...» жыршы-орындаушылардың дәстүрлі жыр кеші және оқушылар сарайында Е.Төлеубайдың «Абай» трагедиясының қойылымы өтеді. Мәдени шара «Конгресс-Холл» сарайында ақын, әнші-сазгер Елена Әбдіхалықованың және облыс өнерпаздарының «Мен Сырдариямын» атты кешімен қорытындыланады.