Осыған дейін хабарланғандай, 1 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында өзге өңірлермен бірге қызылшаға қарсы егудің қосымша шаралары басталған болатын.
«Осы жылдың сәуір айында 9-10 айлық 3 856 бала, екпенің жоспарлы күнтізбесі бойынша 1-6 жас аралығындағы 3 441 бала, сонымен бірге 40 жасқа дейінгі медициналық қызметкерлерге екпе жасалуы керек. Жалпы, 2019 жылдың соңына дейін қосымша вакцинациямен 9-10 айлық 19 284 бала, екпенің жоспарлы күнтізбесі бойынша 1-6 жас аралығындағы 30 949 бала қамтылады. Осы мақсатта қаражат республикалық бюджеттен бөлінді», - деді Сәдуақас Байғабылов.
Оның айтуына қарағанда, 9-10 айлық балалар үшін 26 медициналық ұйымда жеке кабинеттер қарастырылатын болады. 12 айлық және 6 жасқа дейінгі балаларды жоспарлы вакцинациялау кәдімгі екпе кабиенттерінде жүргізіледі.
«40 жасқа дейінгі медициналық персоналды стационарларда құрылған 21 екпе бригадасы вакцинациялайды. Әр құрамда бір дәрігер мен екі медбике бар. Қазіргі уақытта қоймада 22 мың доза бар. Оған қосымша тағы 45 мың доза қосылады. Медициналық қызметкерлер балаларға екпе жасау үшін ата-аналарға алдын ала хабар береді. Қолға алынған шаралар жаңа эпидемиологиялық кезеңде қызылшаға шалдығу деңгейін төмендетіп, ушығу жағдайын бәсеңдетеді, күрделі жағдайлардың алдын алады», - дейді департамент басшысы.
Қызылшаға қарсы егу сұрақтары бойынша 87780127000 нөміріне хабарласуға болады.
Еске сала кетсек, кешеден бері республика бойынша қызылшаға қарсы вакцинация жүргізіле бастаған еді. Биыл алғаш рет бір жасқа толмаған балаларға екпе салу басталды. Себебі 12 айға толмаған балалардың арасында қызылша ауруына шалдығу көрсеткіші жоғары болып тұр.
ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, қызылша барлық аймақтарда тіркеліп отыр. Алайда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола мен Түркістан облыстарында ауру өршіп тұр. Мәселен, наурыздың басында Астанада он адам жансақтау бөліміне түсті. Ал елорданың инфекциялық ауруханасында қосымша кереуіттерді қоюға тура келген.