Астанада «KZ-да жасалған» атты отандық тауар өндірушілер дүкені ашылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «KZ-да жасалған» атты отандық тауар өндірушілердің дүкені ашылды.

Дүкен Абай даңғылымен қиылыста, Күмісбеков көшесі бойында орналасқан. Мұнда Қазақстанның барлық өңірлерінен 30-дан астам отандық өндірушілер өнімі ұсынылды.

«Біз теледидардан Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп өнімі жайлы тұрақты түрде сюжеттерді тамашалаймыз. Алайда оларды қайдан сатып алуға болады? Осы сұраққа жауап беру үшін біз өнімді сатуды жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағымен бірлесіп бір алаңда шоғырландыруға тырыстық. Бұл өзінің жалғасын табады деген сенімдеміз, басқа да өңірлерде осындай дүкендер ашылса дейміз», - деп атап өтті журналистерге берген сұхбатында Астана қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Малика Бектұрова.

Бұл дүкенде сатып алушы киімнің барлық ассортиментін табады: шұлық бұйымдары, сыртқы, іскерлік киім, аяқ киім және т.б. бұдан басқа, мұнда сүлгі, дастарқан, халаттар да сатылады.