Астанада лайықты еңбек шартын қамтамасыз ету мақсатында үшжақты келісімге қол қойылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорда әкімдігінде Астана қаласының әкімдігі, Кәсіподақтар орталығы мен жұмыс берушілердің қалалық бірлестіктері арасындағы 2015-2017 жылдарға арналған келісімге қол қойылды, деп хабарлады astana.gov.kz.

Келісімге Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев, Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айтуған Омаров және астаналық жұмыс берушілер одағының төрағасы Александр Житников қол қойды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Е. Аманшаев 11 ақпан күні өткен кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы Н. Назарбаев компания басшыларына жұмыс орындарын сақтауды бұйырғанын атап өтті: «Бүгінгі Келісім нәтижесінде біз Елбасының халықты жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмаларын мұқият орындауымыз қажет, ол үшін «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы отандық өндірушілерге үлкен мүмкіндіктер берілген», - деді ол. Тараптар келісім арқылы әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеудегі, еңбек қатынастары саласында және жұмыскерлерді әлеуметтік қамтамасыз етуге септік жасамақ. Бұл үрдістер халықты жұмыспен қамту және еңбек ресурстарын дамыту саласында әлеуметтік әріптестіктің тиімді өзара іс-қимылымен қолдауға ие болуға тиіс.